Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) көзі тірі кезінде шайтанмен бетпе-бет әңгімелескені туралы хадис бар. Бұл хадисті сахаба ибн Аббас жеткізген. Хадисте Мағаз ибн Жебел диалогты былай баяндайды: «Бір күні пайғамбармен бірге ансарлардың (мәдиналық адамдар) бірінің үйінде жиналып, әңгімеге кірісіп кеткенбіз. Сол кезде сырттан әлдебіреу: «Үй иесі және үйдегілер! Маған үйге кіру үшін рұқсат бересіздер ме? Менің сіздерден жалғыз тілегім және ортаға салатын ісім бар», – деп дауыстады. Сонда пайғамбар: «Бұл сөйлеп жатқан кім, білесіздер ме?» – деп сұрады. Біз: «Ең жақсы білетін Алла және оның пайғамбары», – дедік.
«Ол – шайтан. Алланың лағнеті оның үстінде болсын», – деп пайғамбар өзінің сұрағына өзі жауап берді. Сол арада хазіреті Омар: «Ей, Алланың елшісі маған рұқсат беріңіз, оны өлтірейін», – деп еді Пайғамбар оған рұқсат бермейді.
«Әй, Омар, тоқта! Оны сен жақсы білмейсің. Оған Алла Тағала тарапынан белгілі бір уақытқа дейін мерзім берілген, өлтіремін дегенді қой», – деп пайғамбар оны тоқтатып тастады да, артынша: «Есікті ашыңыздар! Ол ішке кірсін. Шайтан бұл жаққа келу үшін Алладан әмір алған. Айтқандарын түсінуге тырысыңыздар», – деді. Рави есікті ашты, шайтан ішке кірді де, бізге көрінді. Ол шашы тақыр, көзі қыли көсе шал екен. Иегінде тек алты-жеті қыл салбырап тұр. Аттың қылы секілді.
– Сәлем, Мұхаммед! Сәлем сіздерге, мұсылман жамағат! – деп сәлем берді.
– Сәлем Алланыкі, лағнет! – деді Пайғамбар.
– Бір жұмыспен келгеніңді естідім. Ол қандай жұмыс?
– Мен бұл жерге өз ықтиярымнан тыс келуге мәжбүр болдым. Құрмет иесі – Раббының жанынан маған бір періште келіп Алла Тағаланың маған: «Өте сорлы бір күйде Мұхаммедке барасың. Оған адам баласын қалай алдап-арбайтыныңды түсіндіріп, қалай адал жолдан тайдыратыныңды баяндайсың. Одан кейін сенен не сұраса да, шыныңды жасырмайсың. Егер сөзіңе бір өтірік қоссаң, шыныңды айтпасаң, құл қыламын, дұшпандарыңның алдында сені ойыншық етемін», – деген сәлемін жеткізді. Міне, осы әмір бойынша саған келдім. Маған қоятын сұрақтарыңды қой. Егер дұрыс жауап бермесем, дұшпандарым менімен ойнайды. Сол себепті мен үшін дұшпандарымның ойынынан үлкен қиянат жоқ.
– Ендеше, сөздерің шыны мен рас болса, сұрақтарыма жауап бер. Жұрт арасында ең жек көретін адамың кім?
– Ей, Мұхаммед, сенсің! Алланың жаратқандарының арасында сенен жек көрінішті адам жоқ.
– Менен басқа қандай адамды жақтырмайсың?
– Барлық нәрсесін Алла жолына ұсынған жас адамды.
– Содан кейін кімді жек көресің?
– Өзі сабырлы бола алатын, зиян нәрселерден аулақ жүретін ғалымды. Тазалық үшін үш рет жуынатын адамды.
– Әрі қарай айта бер.
– Сабырлы, кедей адамды. Өзіне қажетті затты ешкімнен сұрамайтын, өзінің халі туралы ешкімге мұң шақпайтын адамды.
– Сен кедейдің сабырлы екенін қайдан білесің?
– Ей, Мұхаммед, кедейлер қажеттерін өзі сияқты біреуге айтпайды. Кімде-кім өз зәрулігі туралы өзі сияқты біреуге үш күн бойы немесе күн сайын зарлайтын болса, Алла оны сабырлы адамдардан санамайды. Оның сабырлығын өз халін ешкімге айтып, Аллаға шағынбайтыны деп түсінемін.
– Содан кейін кім?
– Шүкірлік еткен бай адам.
– Мақұл, ол бай адамның шүкір ететінін қалай білесің?
– Оған анықтап қарасаң, алғанын адал жолмен табады, өз жөнімен жұмсайды. Осыдан оның шүкір етіп жүретін бай адам екенін білемін.
Пайғамбар тақырыпты ауыстырып, оған басқа бір сұрақтар қойды.
– Мақұл, менің үмбетім намазға тұрғанда саған не болады?
– Ей, Мұхаммед, әр мұсылман намаз оқығанда ыстығым көтеріліп дірілдеймін.
– Неге мұндай боласың, ей, лағынет жауғыр?
– Егер бір құл сәжде етсе, ыстығым бір дәрежеге көтеріледі.
– Мейлі, олар ораза тұтып, ауыз бекіткенде қандай боласың?
– Бұл кезде олар ауыз ашқанға дейін мен байланамын.
– Мұсылмандар қажылыққа барған кезде қандай хал кешесің?
– Ол кезде жынды болып кетемін.
– Үмбеттерім құран оқыған кезде не боласың?
– Ол кезде тура отқа балқыған қорғасын секілді еримін.
– Ал садақа берген кезде қандай боласың?
– Ә-ә, бұл кездегі халім өте мүшкіл. Садақа берген адам қолына араны алып, мені екіге бөлген сияқты болады.
– Неге арамен екіге бөлген сияқты боласың, ей, лағынет?
– Бұны да айтып берейін. Садақада төрт жақсылық бар. Олар мыналар: Алла Тағала садақа бергеннің малына берекет дарытады, халқына сүйікті етеді, оның берген садақасынан дозақ арасында бір перде жасайды, пендені бәледен, қиындықтан және тағы басқалардан сақтайды және оларды жоқ қылады.
Бұдан кейін Пайғамбар ібіліске қысқа-қысқа сұрақ қойды.
– Ей, малғұн, бірге отыратын жолдасың кім?
– Өсімқорлар.
– Досың кім?
– Зинақорлар.
– Төсектесің кім?
– Маскүнемдер.
– Қонағың кім?
– Ұрылар.
– Елшің кім?
– Сиқыршылар.
– Көзіңнің нұры не?
– Зайыбынан ажырасқандар.
– Сүйіктің кім?
– Жұма намазын тастап кеткендер.
– Ей, малғұн, сенің көңіліңді не бұзады?
– Алла жолында күресуге шыққан мұсылмандардың мінген аттарының кісінеуі.
– Сенің денеңді не ерітеді?
– Тәубе еткеннің тәубесі.
– Бауырыңды не ірітіп-шірітеді?
– Күндіз-түні Алладан кешірім сұрау.
– Бетіңді қай уақытта тыржитасың?
– Жасырып садаққа берген кезде.
– Көздеріңді көр қылатын не?
– Түнгі намаз.
– Басыңды не идіреді?
– Жамағатпен көп рет оқыған намаз.
Осыны айтқан Ібіліс пайғамбарға: «Міне, саған осы айтқандарымның бәрі шындық», – деп көзден ғайып болады